Search

Аймағамбетов тарих пәнін оқытуда қандай өзгерістер болатынын айтты

Қазақстан мектептері мен университеттерінде тарих пәнін оқытуда өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

"Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болады. Жоғары оқу орындарында қазіргі "Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының" орнына "Қазақстан тарихы" пәні оқытылады, яғни бағдарлама тарихтың басқа да кезеңдерін, дәлірек айтқанда, ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заманды қамтиды", - деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ, ғылыми бағытта білім алған тарихшылар қайта даярлау курстарынан өтіп, кейін мектепте сабақ бере алады.

Бұдан бөлек, бағалау бойынша да өзгерістер енгізіледі. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша және жазбаша түрде өткізіледі. Жиынтық бағалау мұғалімнің қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін.

Министр Петропавлда Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты сияқты ҒЗИ филиалдары ашылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл институттар осы оңірлерде ауқымды археологиялық зерттеулер ұйымдастырады.


Аймағамбетов бұған дейін Петропавлда тарих пәні мұғалімдерінің съезіне қатысқанын айтты. Жиында тарихшылар бірқатар ұсыныс айтқан.


Мәселен, олар 5-сыныпқа Қазақстан тарихы бойынша бұрын мектеп бағдарламасында болған және осы жастағы оқушыларға түсінікті тақырыптарды қайтару қажет санайды.

Сондай-ақ, "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" пәндерінің оқу бағдарламасы мазмұнын жаңартуды ұсынды.


"Қазір Қазақстан тарихының негізгі курсы 9-сыныпта аяқталса, 10-11-сыныпта, негізінен, проблемалық сұрақтар оқытылады. Осыған байланысты мұғалімдер мен ғалымдар 6-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихты толыққанды зерттеуді ұсынды", - деді Аймағамбетов.


Бұдан бөлек, тарих пәнінің мұғалімдері материалды сынып бойынша бөлуді өзгерту керек екенін айтты.


Аймағамбетовтің пікірінше, бұл ұсыныстардың барлығы – орынды. Тарихшылардың бастамалары бағдарламаларды жаңарту жөніндегі сарапшылар тобында қосымша қаралады.