Search

Атыраулық АӘД мұғалімі гір спортынан әлем чемпионы атанды

Атыраулық алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ришат Ғалиахметов гір спортынан әлем чемпионы атанды. ҚР ОАМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Жарыс Үндістанның Нью-Дели қаласында 27 қазан мен 1 қараша аралығында өтті. Оған 13 елден 234 спортшы қатысты.


Ришат Ғалиахметов Қызылқоған ауданындағы Қаракөл орта мектебінде АӘД пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Мұғалім соңғы 10 жыл бойы гір көтеру спортымен айналысып келеді.

«Әкем дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. Мен оның ізін жалғастырып келемін. Мен де әкем сияқты балаларды салауатты өмір салтын ұстануға баулығым келді. Ал ол үшін алдымен өзім белсенді болуым керек. Міне гір көтеру спортымен 10 жылдан бері айналысып келемін. Гір көтеруден әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғап, тағы да жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қазір бірнеше шәкіртім менің жолымды қуып келеді. Олар Қазақстан чемпионатына қатысып жүр», - деп айтты Ришат Ғалиахметов.

Бұл ұстаздың екінші жеңісі екенін айта кетейік. Бұған дейін Щучинск қаласында өткен Азия чемпионатына қатысып, алтын медаль жеңіп алған болатын. Ришат Ғалиахметов өзінің дарынды спортшыларын тәрбиелеуді жоспарлап отыр.