Search

Ақтаулық мұғалім шәкіртімен бірге «Антивирус» терминалын ойлап тапты

Ақтаудағы Ф.Оңғарсынова атындағы №29 орта мектебінің көркем еңбек пәні және робототехника үйірмесінің мұғалімі Марат Атаназаров оқушысы Жасұлан Шаңытбаймен бірге «Антивирус терминал» құрылғысын ойлап тапты. Бұл жайында Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.


Жаңа құрылғы аталған мектепке орнатылып, сынақтан өткізіліп жатыр. Антивирус терминалы ең алдымен адамның дене қызуын өлшеп, қолды автоматты түрде ультрадыбыстық датчик арқылы залалсыздандырады. Арнайы тетіктер арқылы балалар мен ересектер үшін бетперде алу мүмкіндігі де қарастырылып, мұнда «Ashyk» қосымшасы орнатылған. «Қазіргі таңда белең алған коронавирус пандемиясынан құтылудың бірден бір жолы бетперде тағып, қолымызды антисептикпен залалсыздандырып, адамдармен қарым-қатынасты азайту деп дәрігерлер ескертіп жатыр. Осындай терминал барлық білім ошақтары мен балабақшаларда, қоғамдық орындарында тұрса, індеттен тезірек арылуға аз да болса септігін тигізеді деп сенемін»,- дейді Марат Атаназаров.


Терминал адам көп шоғырланатын орындарға қоюға арналған. Басты артықшылығы - автоматтандырылған. Құрылғыны қашықтан бақылап, күтіп- ұстау мақсатында арнайы бейнекамера орнатылған. Өнертапқыштар жуырда өткен «Дарын» ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінен 1-орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды.