Search

"Болашақ" бағдарламасына өзгеріс енгізілді – министрлік түсініктемесі

"Болашақ" бағдарламасында техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. Осыған байланысты бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр, деп хабарлады білім және ғылым министрлігі.

Біріншіден, 2022 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарға бөлінетін гранттардың саны 36%-дан 60%-ға дейін артады.

Екіншіден, техникалық дайындық бағыттары бойынша үміткерлер үшін шет тілін меңгеруге арналған IELTS тестінің орташа балы төмендетілді. Енді, 5.0 балл жеткілікті және бір жыл тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі де қарастырылған.

Үшіншіден, "Инженерлік-техникалық қызметкерлер" жеңілдетілген санатын енгізу қарастырылып жатыр.

"Олар алдымен тіл курстарынан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама бойынша оқуға ұсынылған университеттер тізімінен оқу орнын таңдай алады", - дейді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Әнуар Жанғозин. Бұдан бөлек, ауылдық жерлерден келген үміткерлерге де жеңілдік жасалады. Атап айтақанда, IELTS нәтижесімен ағылшын тілін меңгеру деңгейі 5.0 балға дейін төмендетіледі. Ауылдық жерлерде міндетті тұру мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін қысқартылады.

Сонымен қатар оларға тілдік дайындықтан өтуге мүмкіндік беріледі. Сол сияқты аудандық маңызы бар қала тұрғындарын қосу арқылы ауылдық жерлерден кандидаттардың контингентін кеңейту және олардың санын ұлғайту ұсынылып отыр.

Кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссия докторантураны бітірген стипендиаттарға, сондай-ақ, әлемнің жетекші Fortune-500 компанияларында тағылымдамадан өту үшін стипендиаттарға бір жылдық мерзімді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.