top of page
Search

Гранттар - 2023: жоғары оқу орындары арасында конкурс

Жоғары оқу орындары арасында мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсы 2022 жылғы 28 желтоқсанда басталады.

Білім беру гранттарын орналастыру мерзімдерін өзгерту барысында талапкерлердің де, жоғары оқу орындарының да мүдделері ескерілді.

Енді талапкерлер қай жоғары оқу орындарына және қандай мамандықтар бойынша гранттар бөлінгені туралы ертерек хабардар болады. Ал жоғары оқу орындары қабылдау науқаны бойынша жұмысты алдын ала жоспарлауға мүмкіндік алады.

Білім беру бағдарламаларының топтары бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыруға арналған конкурс 2022 жылғы 28 желтоқсаннан 2023 жылғы 5 қаңтарға дейін өтеді.

«Мұндай шешімдерді қабылдау кезінде, бірінші кезекте, Мемлекет Басшысының білім беру сапасын көтеру туралы тапсырмаларын назарға ала отырып, біз талапкерлеріміздің мүдделерін ескереміз. Мамандықтар атласы (экономиканың басым салалары: тау-кен металлургия кешені, Мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс) және еліміздің бес өңірінде іске асырылатын "Мамандығым-болашағым" жобасы негізінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде өңірлердің кадрларды даярлау жоспардағы қажеттіліктеріне баса назар аударылатын болады. Министрлік мамандардың біліктілігінің жаңа реттегішін құруда, ол еңбек нарығындағы жоғары динамиканы ескере отырып қажет болады, өйткені кейбір мамандықтар сұранысқа ие болмай жатыр. Біз талапкерлер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға қажетті шешімдер алдағы уақытта да қабылданатын болады», – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс білім берудің барлық деңгейі – бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша орналастырылатын болады. ЖОО-лар конкурсқа қатысуға өтінімді, сауалнама, ақпараттық карта және мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша ұсыныстарды Ұлттық тестілеу орталығының сайтында https://infomap.testcenter.kz сілтемесі бойынша толтыра алады.




bottom of page