Search

Грантқа түсу үшін екі рет ҰБТ тапсыруға болады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп түлектеріне хат жазып, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты өзгерістерді жариялады.


"Әрине, сіздер үшін алғашқы маңызды емтиханның бірі – ол ҰБТ. Бірақ ҰБТ өмірдегі ең жеңіл, оңай сынақтың бірі екенін айтқым келеді. Оқушылардың ҰБТ-дан қиындықсыз өтуі үшін қосымша шараларды қабылдадық", - деп жазды Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, биыл ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы жағдай жасалды. Оларға тапсырмаларды орындау үшін қосымша 40 минут беріледі. Ал тапсырмалар суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз болады.

"Жақсы жаңалық та бар. Инстаграмда мені белгілеп, грантқа түсу үшін бір емес, екі рет ҰБТ тапсыру туралы өтініш жазып жүргендеріңізді білемін. Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар", - дейді Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, тест тапсырушыларға калькуляторды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат беріледі.


Осы орайда министр университетті қалай таңдау керектігін де түсіндірді. Біріншіден, жоғары оқу орнының жұмыс берушілер рейтингіндегі орнын, кадр құрамын және оқу жағдайларымен танысып алған дұрыс. Екіншіден, мамандықтардың атауы бірдей естіліп, бірақ мазмұны айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Сол себепті оқу бағдарламасын зерделеу керек. Үшіншіден, университеттің беделін баса мән берген жөн. Өйткені дипломнан бұрын маманды дайындау сапасы маңызды. Төртіншіден, университеттің аккредитациясына назар аудару қажет.


"Бұдан бөлек, университетті таңдау кезінде сізді күмәнді арзан оқу немесе сабаққа қатыспау мүмкіндігі сияқты ойлар қызықтырмауы маңызды. Себебі жұмыс берушілер дипломды жарамсыз деп танып, қаражатыңыз бен уақытыңыз босқа шығын болуы мүмкін", - деп түсіндірді Аймағамбетов.


Министр қазақстандық жоғары оқу орындарын таңдауға кеңес берді. Себебі "біздің университеттердің сапасы көрші елдердің көптеген университетінен асып түседі".