Search

Жаңа оқу жылында студенттер стипендиясы артады - Білім министрі


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов студенттер, магистранттар және докторанттардың шәкіртақысы қаншаға артатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін гранттар саны артып, 75 мың орынға жетеді деп жоспарланған. Қазірдің өзінде сайлауалды бағдарламаны іске асыруды бастадық. Қаржы бөлінді. Биыл қыркүйек айында гранттар саны 5 мың орынға ұлғайтылады. Жыл сайын бакалавриатқа 51 мың орын бөлінсе, биыл 56 мың орын болады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.


Сонымен бірге, Білім министрі стипендияны арттыру туралы да талқылау болып жатқанын айтты.


«Мемлекет басшысының тапсырмасымен шәкіртақы көлемі артып келеді. Биылғы қыркүйек айынан бастап бакалавриат бойынша стипендия мөлшері 30 мың теңгеден сәл асады деп жоспарлап отырмыз. Магистратураға келсек, 15%-ға өсіп, шамамен 76 мың теңге болмақ. Докторантура бойынша биылғы шәкіртақы 172 мың теңге болады деп жоспарлап отырмыз», - деп түсіндірді А. Аймағамбетов.


Автор: Айжан Серікжанқызы


#Білім #ЖОО #ҚР Білім және ғылым министрлігі