Search

Мектеп, емхана, үй жанындағы дүкен

Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин елордада Әлеуметтік әмиянның пилоттық цифрлық сервистерін енгізу барысын тексерді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Астанадағы №8 мектеп-лицейі мен №10 емхана әлеуметтік әмиян арқылы азаматтарды ақшалай және ақшалай емес мемлекеттік қолдаудың цифрлық құралдарын құру бойынша пилоттық жобаға қатысып жатыр. «Жалпы білім беретін мектептерді тегін, жеңілдетілген ыстық тамақпен қамтамасыз ету», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде дәрі-дәрмекпен және дәрігердің ұсынысы (рецепті) бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қамтамасыз ету» қызметтері сынақтан өтуде.


№8 мектепте 1675 бала оқиды, оның ішінде 5-11 сыныпта оқитын 63 оқушы аз қамтылған отбасынан шыққан. Мектеп асханасын аралау барысында Серік Жұманғаринға «Әлеуметтік әмиян» қосымшасының демо-нұсқасы көрсетілді.


Жоба өнеркәсіптік пайдалануға берілгеннен кейін ыстық тамаққа жолдама алу үшін мемлекеттен әлеуметтік қолдау алатын балалардың ата-аналарына өтініш жазудың қажеті болмайды. Олардың ұялы телефон нөміріне SMS хабарлама жіберіледі, содан кейін баланың көлік картасын Әлеуметтік әмиянға қосып, оны мектепте жеңілдікті түскі ас алу үшін пайдалануға болады.


Серік Жұманғарин жақын маңдағы «Әлеуметтік төлемдер есебінен тауарларды сатып алу» қызметі сынақтан өткен үй жанындағы дүкенде болды. Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, соның ішінде негізгі азық-түлік өнімдерін сатып алуға бөлінетін, оларды дүкендерден QR төлемін қолдана отырып сатып алуға мүмкіндік береді.


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және рецепт бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік заттарды алу үшін 83 мың азамат тіркелген №10 қалалық емхананың базасында Әлеуметтік әмиян Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен біріктірілетін болады.


Бұл қызмет дәрігердің цифрлық рецептісі қолданушының-пациенттің телефонына бірден түсетіндігімен ыңғайлы. Медицина қызметкерлеріне құжаттарды қолмен толтыру, ал пациентке қағаз рецептіні алып жүрудің қажетілігі болмайды.

«Әлеуметтік қолдаудың ақшалай емес түрлерінің тетігі қазірдің өзінде жеткілікті түрде әзірленген деп санаймын, ақшалай түрлері бойынша біз оларды тек банк карталарына ғана емес, Әлеуметтік әмиянға да алуға болатындай етіп қарастырамыз және әртүрлі нұсқаларды ұсынамыз. Сонымен қатар азамат мемлекеттік қолдау шеңберінде, мысалы, атаулы әлеуметтік көмек – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алуға есептелетін қаражатты көре алады», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

2023 жылы қолданысқа енгізу үшін Әлеуметтік әмияндағы цифрлық қызметтерді (мектептерде тегін және жеңілдетілген бағамен ыстық тамаққа ваучерлер, дәрі-дәрмек беру) іске қосуды кезең-кезеңімен бастау жоспарлануда. Бұл ретте нормативтік-құқықтық базаға тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары аяқталуда.