Search

Мұғалімдердің жалақысы қысқаратыны рас па?

Әлеуметтік желілерде жаңа жылдан бастап педагогтардың еңбекақысы қысқаратыны туралы ақпарат тарады. Білім және ғылым министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.


Желіде тараған хабарламада еңбекақының 25%-ке өскеніне қарамастан, жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ бергені үшін 30%-ке тең қосымша төлемдер алынатыны айтылған. Демек мұғалімдердің табысы 5% төмендейді.


Министрліктің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиева бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.


"Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленеді. Сонымен қатар келесі жылдың қаңтарынан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтардың еңбекақысы тағы 25%-ке көтерілетінін еске саламыз. 2020 жылы педагогтардың еңбекақысы 25%, 2021 жылы тағы 25%-ке өсті. Бұдан бөлек, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50%-ке дейін ұлғайтылды", - деп жазды министрліктің баспасөз хатшысы.


Ол сондай-ақ дәптер тексергені және сыныпқа жетекшілік еткені үшін үстемеақы екі есеге арттырылғанын, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу деген жаңа санат пайда болғанын хабарлады.


"Білім және ғылым министрлігі педагогтардың еңбегін ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Барлық шара білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған", - деп түйіндеді ол.