Search

Сарапшылар эндаумент-қорларды дамыту жолдарын талқылады

Эндаумент қорларының екі күндік республикалық конференциясы аяқталды. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Әділет министрлігінің, «Қазақстан халқына» Қорының, эндаумент-қорларының, қайырымдылық ұйымдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында сарапшылар эндаумент-қорларды дамыту мәселелерін талқылап, осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты.


Мемлекет басшысының жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорларды дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан халқына» қорымен бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге кірісті. Яғни, эндаумент қорларына институционалдық инвесторларды тарту, қызметкерлерді оқыту және басқару, сондай-ақ салықтық ынталандыру мәселелері пысықталады.

«Эндаумент-қорлар білім беру мекемелерін ұзақ мерзімді және кепілдендірілген қолдаудың маңызды құралы. Сондықтан біз АҚШ, Сингапур және Ресей сияқты елдердің тәжірибесі бойынша университеттік ғылым мен инновацияларды тұрақты қаржыландыратын «Нысаналы капитал қорлары туралы» жеке заң жобасын әзірлеуді ұсынамыз. Президенттің технологиялық жаңғыртуға және ғылыми әзірлемелерге бағытталған салықтық жеңілдіктер жөніндегі басқа тапсырмасы шеңберінде біз оларды эндаумент-қорларға салымдарға және нысаналы капиталды басқарудан түсетін кірістерге таратуды ұсынуға ниеттіміз. Бірақ эндаумент-қорлардың жарғылық мақсаттарына ғана бағытталатын табыстарға Министрлік нақты ұсыныстар пакетін дайындады», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

ҚР Салық кодексін жаңарту бойынша министрлік әзірлеген нормалар ҒЗТКЖ-ға инвестиция салатын бизнес үшін салықтық және өзге фискалдық жеңілдіктерге келісімшарттар жасасуды көздейді. Бұдан басқа, жаңа нормалар бойынша ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті келісім-шарттарды ғылыми сараптау жөніндегі уәкілетті орган ретінде салықтық әкімшілендіру тетігіне енгізілетін болады.


Талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар жаңа заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу үшін жұмыс тобын құруды ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстанның эндаумент-қорлары қауымдастығын құру мәселесі қаралды.


ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі