Search

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық идеологиясын ілгерілету

2022 жылғы 16 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік қызметте парасаттылық идеологиясын ілгерілету» тақырыбында семинар-кеңес өтті.


Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Ахетов Мамай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті превенция басқармасы бастығының орынбасары Құрамаев Уалихан, Университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Нұрланов Шыңғыс, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің офицері Усипов Қамбар, сонымен қатар институт директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен білім алушылар қатысты.

Кездесуде сөз алған Мамай Ахетов Қазақстан Республикасының мемлекет ретінде өз функциясын толыққанды орындау жолында мемлекеттік қызметкерлердің атқаратын рөлі орасан зор екендігіне тоқталды. Алматы қаласы сияқты үлкен мегаполистің сан салалы атқаратын жұмыстарының барлығын көп болса 30-40 қызметкерлері бар аудандық әкімдіктер жүзеге асырып жатқандығы, ондағы мемлекеттік қызметкерлердің нарықтық жағдайда әдеп принциптарын бұзуға жол бермей, адал да әділетті өз міндеттерін орындап жүргендігін сөзге тиек етті. Болашақ еліне адал, халқының нағыз патриоты етіп тәрбиелеу жолында жоғары оқу орындарының қосатын үлесі өте зор болмақ.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті өкілі У.Н. Құрамаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың даму жолдарына, 1998 жылдан бергі парадигмалық өзгерістерге, сонымен қатар, 2022-2026 жылдарға арналған бекітілген Тұжырымдамасының негізгі ережелері және одан туындайтын жоғары оқу орындарының алдында тұрған негізгі міндеттер туралы түсінік берді.

Комплаенс-офицер Қамбар Усипов жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі проблемалық мәселелерін және біздің университетте академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қағидаттарын сақтауға бағытталған іс-шаралар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына, сондай-ақ, ИСО - 37001 халықаралық стандартқа сәйкес жүргізілетінін, қандай алдын алу шаралары, репрессивтік шаралары, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа институттары, сыбайлас жемқорлыққа тән тәуекелдері бар екенін атап өтті.

Проректор Шыңғыс Нұрланов іс-шараны қорытындылай келе, Алаш көсемдерінің айтып кеткен «Ұлтқа қызмет ету - мінезден» деген ұранды сөздердің қазіргі кезеңде де өзекті екенін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте осындай ұстаныммен жүргендер жеңетініне баса назар аударды.

Кездесу жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті.