Search

Тоқаев ММУ-дың Қазақстандағы филиалына жаңа ғимарат бөлуді тапсырды

Ломоносов атындағы университеттің Қазақстандағы филиалына жаңа ғимарат беріледі. Бұл туралы мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев айтты.


Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының 20 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты. Мерейтойға орай Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жеделхаттарын оқыды.


"Заманауи білім беру жүйесінің тиімділігі біз жүріп өткен үлкен жолдың басты жетістіктерінің бірі болды. ММУ филиалы 2 мыңнан астам жоғары білікті маманды даярлап, отандық экономиканың, білім мен ғылымның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Оның қызметі Қазақстан мен Ресейдің жемісті гуманитарлық ынтымақтастығының жарқын мысалы болып табылады", - делінген Тоқаевтың құттықтауында.


Президент оқу орнының елдер арасындағы достық пен серіктестікті одан әрі нығайтуға, қазақстандық білім берудің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесетініне сенім білдірді.


"Біздің мемлекетіміздің астанасында ММУ-дың алғашқы шетелдік филиалының ашылуы Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз достық, бауырластық байланыстардың жарқын айғағы болды. Соның арқасында Қазақстан мен Ресейдің көпжылдық дәстүрі бар ғылыми және білім беру байланысы жаңа серпін алды", - деді Көшербаев.


Ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қазақстандық филиалдың мерейтойын атап өтудің символдық мәні бар екенін айтты.


Мемлекеттік хатшы Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша ел үкіметі Ломоносов атындағы ММУ филиалына жалпы ауданы 13 мың шаршы метрге жуық жаңа ғимарат беру туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие басым мамандықтар бойынша жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

20 жыл ішінде филиал қабырғасында 2 мыңнан астам маман даярланды.