Search

Тікелей эфирде «Жаһандық құзыреттіліктер» курсы туралы сұрақтарға жауап берілді

Оқу-ағарту министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде өтетін «Oqu-ağartu LIVE» айдарында «Жаһандық құзыреттіліктер» курсы жайында сұхбат болды. Эфир қонағы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Орта білім мазмұны институтының директоры Сейфулла Смайлов курстың негізгі мақсатын түсіндіріп, желі қолданушылардың сұрақтарына жауап берді.

«Жаһандық құзыреттіліктер» курсы былтыр енгізілген болатын. Жаңа оқу жылынан бастап 5-11 сыныптарға міндетті курс ретінде оқытылады. 5-9 сыныптарда курс 5 бөлімнен тұрады: «Этика және этикет», «Экологиялық мәдениет», «Азаматтық және патриотизм», «Өмір қауіпсіздігі», «Медиа және қаржылық сауаттылық».

«Өткен оқу жылында курс өзінің тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, бұл оқушылардың ерте кәсіби бағдарлануына көмектеседі, моральдық-этикалық принциптерді, қоғамдағы мінез-құлықтың адамгершілік моделін қалыптастыруға ықпал етеді, білім алушылардың бойында 21 ғасыр дағдыларын қалыптастырады. Мысалы, «Қаржылық сауаттылық» бөлімі аясында оқушылар «ақша» ұғымын, ақшаны дұрыс жұмсау, кірістер мен шығыстарды бақылау, отбасылық бюджет және басқа да тақырыптарды оқып, заманауи қоғамда өте өзекті дағдыларды қалыптастырады. Курс мазмұны білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді. «Жаһандық құзыреттілік» курсы пән емес, нақты міндеттері бар элективті курс екенін атап өткім келеді», - деді Сейфулла Смайлов.

«Жаһандық құзыреттіліктер» курсы 5, 6, 7, 8-сыныптарда екі аптада бір рет немесе оқу жылында 18 сағат өткізіледі. Ал 9-сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылында 36 сағат өтеді.

«Курстың мазмұны педагогтердің Тамыз конференциясы аясында 2 мыңнан астам білім беру ұйымдарының басшылары, еліміздің барлық өңірінің педагогтері мен әдіскерлерінің қатысуымен өткен панельдік секциясында талқыланды. Талқылаудан кейін курстың мазмұнына өзгерістер енгізілді. Қоғамда және ата-аналардан сұрақтар тудырған тақырыптар алынып тасталып, кейбір бөлімдердің тақырыптары түзетілді», -деді Орта білім мазмұны институтының директоры Сейфулла Смайлов.

Қазіргі уақытта «Жаһандық құзыреттіліктер» курсы бойынша педагогтерге арналған нұсқаулықтың соңғы нұсқасы сараптамадан өтті. Курсты «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының білім беру бағдарламасы бойынша құрастырылған арнайы оқу курсынан өткен барлық педагог жүргізе алады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі