Search

Төртінші оқу тоқсаны қалай өтеді – министрлік негізгі ерекшелігін атады


Білім және ғылым министрлігі төртінші тоқсандағы оқу тәртібін жариялады.


Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Каримованың айтуынша, төртінші тоқсан штаттық форматта басталады. Оқушылар бұрынғыдай толығымен кабинеттік оқу режиміне ауысады.


"Алдағы тоқсанның тағы бір ерекшелігі бар. Жақында ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша кабинеттік жүйеге қайта көшу туралы шешім шығарылған болатын. Бұл дегеніміз, бұған дейін оқушылар бір кабинетте отырып, сабақ оқыса, төртінші тоқсанда физиканы физика кабинетінде, математиканы математика кабинетінде, химияны химия кабинетінде оқиды", - деді Каримова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бұдан бөлек, қаңтар айында оқушыларға қосымша бір апталық демалыс берілгеннен кейін төртінші тоқсанда өтпей қалған тақырыптар біріктіріледі.


"Маскалық режим, әлеуметтік дистанция және Ashyq жүйесі бойынша талаптар болмайды. Бірақ та әрбір білім басшылары үшін санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды сақтау міндеті бар. Атап айтқанда, кабинеттерде уақытында дезинфекция жасау, таза ауа кіргізу және тағысын тағы", - деп атап көрсетті Каримова.


Айта кетері, төртінші тоқсан 31 наурызда басталып, 25 мамырда аяқталады. Соңғы тоқсан сегіз аптаға созылады.