Search

Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаз 27 оқушысы 73 млн теңгеден астам қаражат алды

Халықаралық пәндік олимпиадалардың 27 оқушысы 73 млн теңгеден астам қаржы алды. ҚР ОАМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Олардың ұстаз-тәлімгерлері де біржолғы ақшалай төлемдер алды.


Қазақстандық оқушылар олимпиадаларға қатысу тарихында алғаш рет ақшалай сыйақыға ие болды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дарынды балаларды ынталандыру жөніндегі тапсырмасының арқасында мүмкін болды. Сондай-ақ 27 медаль иегері еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алады.

Оқушылар білімдері арқасында тапқан сыйақыны қалай жұмсауды жоспарлап отырғандарын айтты.

«Биыл осындай беделді олимпиадаға алғаш рет қатыстым. Оған көп дайындалдым. Әрине, Оқу-ағарту министрлігінің ел ішінде өткізген олимпиадаларының арқасында елімізді әлемдік аренада лайықты көрсетуге мүмкіндік алдым. Елімізді абыроймен таныта алғаныма қуаныштымын. Географиядан қатысқан олимпиадада жеңіске жеткенім үшін алған ақшамның бір бөлігін депозитке салуды жоспарлап отырмын. Қалғанын ата-анама беремін. Мұндай ақшалай марапаттар бізге үлкен ынта-жігер, мотивация береді, келесі жылы бәсеке бұдан да жоғары болатынына сенімдімін. Алдағы жылы осы олимпиадаға тағы да қатысқым келеді», - деді географиядан халықаралық олимпиаданың (IGeO) алтын жүлдегері Санжар Хамитов.

Қалған жеңімпаздар да алған жүлделерін депозитке салып, ата-аналарына берді. Сонымен қатар сыйлықтар сатып алды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Оқу-ағарту министрлігі халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына 1,5 млн-нан 4,5 млн теңгеге дейін сыйақы тағайындаған болатын. Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтқандай, биыл тізімге 7 олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 олимпиадамен толығады.

2022 жылы ұлттық құрама ел қоржынына 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медаль әкелді.