Search

Ыстанбұлда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті

ҮРКСОЙ қолдаумен отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы және Түркі өркениеті» атты халықаралық конференция өтті. ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Аталған іс-шара Түркиядағы ең көне жоғары оқу орны – Ыстанбұл университетінде өтті.


Шараның ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Ыстанбұл университетінің ректоры Махмуд Ак, Халықаралық Түркі Академиясы Президентінің міндетін атқарушы Маджидли Физули, Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесінің және Ғылыми-техникалық зерттеулер кеңесінің (TÜBİTAK) өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

«Ахмет Байтұрсынұлы – түркі халықтарына ортақ ұлы тұлға. Оның ілімі халықаралық ғылыми кеңістікте, әсіресе, түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда реформаторлық идеяларымен ерекшеленеді», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.

Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар қатысып, баяндама жасады.

Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай өз сөзінде: «Ұлттық тәуелсіз сана туралы идеяның тұғырын Әлихан Бөкейхан саяси тұрғыдан қалыптастырса, Ахмет Байтұрсынұлы соның идеялық негізін тікелей орнықтырды деп есептеймін» деп, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова «Ахмет Байтұрсынұлы – отарлауға қарсы тұрған Ұлт ұстазы» атты баяндамасында: «Жазған сөз жаным ашып Алашыма!» деп өзінің өмірлік ұстанымын айқындап алған Ахмет Байтұрсынұлы Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен бірегей ғалым»,- деп атап өтті.

Конференция аясында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін танытуға арналған кітап көрмесі, Ұлт ұстазының өмірі мен қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылып, «Қазақ өркениеті және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.

Сонымен қатар, іс-шара барысында «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» (қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде) кітабының және Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ұсынылған Райхан Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» кітабының тұсаукесері өтті.