Ғылыми ұйымдар жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге тартылатын болады
Үкіметтің отырысында Геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Экология, геология және табиғи ресурстар, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика министрлері геология саласындағы жағдай туралы, сондай-ақ саланы дамыту үшін қандай шешімдер қабылданып жатқаны туралы баяндады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасының Геология саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын ұсынып отыр.
«Қазақстан Республикасының жер қойнауындағы пайдалы қазбалар мемлекет экономикасын дамыту үшін негізгі мәнге ие. Бұл ретте, пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басым сын-қатер – қорлардың төмен деңгейде толықтырылуы», — деді Серікқали Брекешев.
Бұдан басқа, көмірсутек шикізатын барлау үшін тартылатын инвестициялардың екі есеге жуық, яғни 140 млрд теңгеден 79 млрд теңгеге дейін төмендеуі байқалады. Бұл, негізінен, жалпы әлемдік төмен көміртекті саясатқа көшумен байланысты.
Бұдан өзге, геология саласының жай-күйі мен даму перспективаларына теріс әсер ететін проблемалардың ішінде:
- инфрақұрылымды және бизнес-процестерді цифрландырудың төмен деңгейі;
- кадрлардың тапшылығы;
- жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге ғылыми ұйымдардың жеткіліксіз деңгейде қатысуы;
- геологиялық ақпараттың сақталу инфрақұрылымының дамымауы секілді проблемаларды бөліп көрсетуге болады.
«Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – пайдалы қазбаларды барлауға инвестиция тарту үшін жағдай жасау», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Ол үшін 2 нысаналы индикатор, 8 күтілетін нәтиже айқындалды және 36 іс-шара әзірленді.
Сала проблемаларын шешу үшін геология саласын дамытудың 4 бағыты көзделген. Олар:
Жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру және минералдық-шикізат базасын толықтыру.
Геология саласын цифрландыру және ақпараттандыру.
Геология саласын ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету.
Геология саласының инфрақұрылымын дамыту.
Әрі қарай Серікқали Брекешев аталған әр бағыт бойынша толығырақ тоқталып өтті.
Министрдің мәлімдеуінше, жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру және минералдық-шикізат базасын толдықтыру үшін картаға түсіру бойынша 1:200 000 масштабынан 1:50 000 масштабына көшу жүзеге асырылатын болады.
Жер қойнауын геологиялық зерттеудегі ғылыми және ғылыми тұрғыдан білім беру ұйымдарымен интеграция жүргізілетін болады. Оның шеңберінде геология саласын дамытудың теориялық негізі дайындалады. Сонымен қатар ғылыми-әдістемелік ұсынымдармен қамтамасыз етілетін және пайдалы қазбалар кен орындарын іздеудің тиімді әдістері әзірленетін болады.
Министрдің айтуынша, бұл пайдалы қазбаларға перспективалы учаскелерді анықтауға, Қазақстан Республикасының нарығында геологиялық барлау компанияларының қызметін жандандыруға және геологиялық барлауда инновациялық және озық технологиялар трансфертін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бүгінгі таңда, өкінішке орай, геологиялық ақпаратты ұсыну қағаз жеткізгіштерде жүзеге асырылады және ұзақ уақытты алады.
«Біз Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, KAZNEDRA ақпарат платформасын әзірледік. Оның шеңберінде геологиялық материалдарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық деректер банкін геологиялық ақпаратпен толықтыру жүргізілуде. Сонымен қатар платформа жер қойнауын пайдаланушылардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа ауыстыруды көздейді», — деді С. Брекешев.
Осылайша қызмет көрсету және геологиялық ақпарат алу мерзімдерін қысқартылып және сәйкесінше, геологиялық барлауға инвестициялар тарту қамтамасыз етілмек.
Бүгінгі таңда KAZNEDRA ақпараттық платформасы пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Осы жылдың соңына дейін платформаға 30 мың геологиялық есеп жүктелетін болады.
Оған қоса, кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету мәселелері салаға айтарлықтай әсер етеді. Арнайы бағыттағы мамандардың жетіспеушілігі айқын көрініс табуда. Сонымен қатар қазіргі уақытта тәжірибелі геологтардың орташа жасы зейнеткерлік жасына жақын. Ал жақында ғана оқуын аяқтаған жас мамандар сандық және сапалық құрамы жағынан сұранысты қанағаттандырмай отыр.
Өз кезегінде ғылыми геологиялық ұйымдар жер қойнауын зерттеу және геологиялық барлау бойынша практикалық жұмыстарға аз қатысады.
Геология саласын ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету проблемаларын шешу мақсатында салалық нұсқаулықтар мен әдістемелік ұсынымдар әзірленетін болады. Ғылыми ұйымдар жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге тартылатын болады және геологиялық барлау жұмыстарын жолға қоюдың озық ғылыми негіздемесін қамтамасыз етеді.