Search

Қазақстанда кәсіби патронаттық отбасы институты құрылады

Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда кәсіби патронаттық отбасын құру жобасын әзірлеп жатыр. ҚР ОАМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Жаңа жоба жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйіне емес, бірден патронаттық отбасына беруге мүмкіндік береді.


Бұл балалардың асырап алушы ата-аналарын тез тауып, үйде бейімделуі үшін қажет.

«Бұл жұмыс Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Президент атап өткендей, біз азаматтардың білімі, денсаулығы мен әл-ауқатына жауаптымыз. Бүгін елімізде бала асырап алудан бөлек, балаларды отбасына орналастырудың қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, патронаттық отбасы сияқты түрлері бар.
Алайда балалар үйлерінде ауыр аурулары бар және дамуында артта қалған балалар қалады. Бұл балалардың отбасында тәрбие алу мүмкіндігіне ие болуы үшін денсаулық жағдайына қарамастан барлық баланы қабылдауға дайын кәсіби патронаттық отбасылар институты құрылады. Қазір Оқу-ағарту министрлігі кәсіби патронаттық отбасыларды заңнамалық тұрғыдан бекіту жұмысымен айналысып жатыр», - деп айтты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Кәсіби патронаттық тәрбиешілерге қойылатын талаптарды, психологиялық дайындық бағдарламасын, әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер тізбесін және т.б. әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Балаларды кәсіби патронаттық отбасына 3 айға дейін қысқа мерзімге және 3 айдан кәмелетке толғанға дейін ұзақ мерзімге беруге болады деп жоспарланып отыр. Балаларды тәрбиелеуге беру келісім негізінде жүзеге асырылады. Асырап алушы ата-аналар балаларының санына және олардың отбасында болу мерзіміне байланысты өз еңбегі үшін ақы алады.