Search

​Қазақстандық екі университет Азиядағы үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына кірді

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек QS Quacquarelli Symonds президенті Нунцио Кваквареллимен кездесті. ҚР ҒЖБМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Жиынға жоғары оқу орындарының ректорлары да қатысты. Олар қазақстандық университеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқылады.


Л. Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткен кездесуде QS Quacquarelli Symonds негізін қалаушы Нунцио Квакварелли тұсаукесер өткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Азия университеттері рейтингінің жаңа шығарылымында үздік нәтижелер көрсетті.

Екі қазақстандық жоғары оқу орны Азиядағы үздік 100 университеттің қатарына кірді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 44-орынды иеленіп, үздік азиялық жоғары оқу орындарының топ-50 тізіміне енді. Ал, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 96-орынға орналасты. Қазақстан Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда рейтингте көш ілгері. Үздік азиялық жоғары оқу орындарының тізбесінде еліміздің 32 университеті бар.


Орталық Азияның үздік үштігіне де қазақстандық жоғары оқу орындары енген. Олар халықаралық индикаторлар бойынша ең жоғары орындарда тұр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия өңіріндегі жұмыс берушілер арасында академиялық беделдің ең жоғары көрсеткіштеріне ие. Үздік үштікке Л. Н.Гумилев атындағы ЕҰУ және Satbayev University кірді.