Search

Қазақстандық оқушылар Женевада өткен робототехникадан әлем жарысында жеңіске жетіп, рекорд орнатты

Қазақстандық оқушылар робототехникадан FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем жарысында бірде-бір жеңіліссіз жеңіске жетті. Осылайша оқушыларымыз ең көп ұпай жинап, жаңа рекорд орнатты. Бұл әлемдегі ең беделді чемпионаттардың бірі екенін еске сала кетейік. Чемпионаттағы жеңіс оқушыларға әлемнің жетекші университеттерінде оқуға мүмкіндік береді. Балаларымыз 167 елдің оқушыларымен сайысқа түсті.


Ұлттық құрама атынан 15 пен 17 жас аралығындағы 5 оқушы өнер көрсетті. Олардың барлығы USTEM Robotics және Caravan of knowledge қорлары ұйымдастырған FIRST Global Challenge ұлттық турнирінің жеңімпаздары. Жас инженерлер мен программистер 3 күн бойы 16 ойынды бірде-бір жеңіліссіз өткізіп, ұпай саны бойынша рекорд орнатты. Чемпионаттағы бірінші орыннан бөлек, Қазақстан құрамасы басқа елдердің командаларына көрсеткен «Айрықша қолдауы үшін» Аl-Khwarizmi алтын медалін, сондай-ақ роботты жасаудағы тамаша инженерлік шешімдері үшін JUDGES AWARD арнайы сыйлығын жеңіп алды.

Команда капитаны Ерасыл Әбілқасым ұстаздарға берген білімі мен көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.

«Ұлттық турнирде жеңіске жеткеннен кейін бір айға жуық әлемдік додаға қосымша дайындалдық. Дайындық жұмыстарына Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары Бекзат Іңкәров пен Қажымұқан Рейімбаев жетекшілік етті. Сол үшін оларға алғысымыз шексіз. Біз еліміздің абыройын әлемдік аренада асырғымыз келді және ол қолымыздан келді деп ойлаймын. 25 қазанда Республика күнін атап өтеміз. Маңызды мереке қарсаңында осындай нәтижеге жеткеніміз үшін қуаныштымыз. Биылғы олимпиаданың тақырыбы – жаһандық жылыну мәселесі. Ойын шарты бойынша әр команда жинаған робот көптеген комбинацияны орындай отырып, шар тәрізді көмірқышқыл газын алып, арнайы себетке тасуы керек. Тапсырманы үздік орындадық деп ойлаймын», - деп айтты Қазақстан құрамасының капитаны Ерасыл Әбілқасым.

Осы жылдың шілде айында ұлттық құрама британдық FIRST Tech Challenge UK and Ireland маусымнан тыс екі олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанған болатын. Ол кезде де оқушыларымыз 20 ойынның 19-ында рекордтық ұпаймен жеңіске жетіп, жарыстың абсолютті рекордын орната алды. Сонымен қатар олар қазылар алқасының үш номинациясын иеленген болатын.


FIRST ҚР Оқу-ағарту министрлігінің оқушылар мен мұғалімдердің қатысуы үшін ұсынған олимпиадалар тізіміне кіретінін еске сала кетейік. Жыл сайын FIRST демеушілігімен 6 мен 18 жас аралығындағы балалар арасында түрлі жарыстар өткізіледі. Әрбір сайыс тақырыбы мен тапсырмалардың күрделілігімен ерекшеленеді. Олар нақты әлемдік мәселелермен байланысты. Мысалы, өнеркәсіпті автоматтандыру, тау-кен өндіру, қалдықтарды өңдеу, ғарышты зерттеу, биомедицина және басқа да маңызды тақырыптар.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі