Search

Қызылордада Оңтүстік Корея университетінің филиалын ашу жоспарлануда

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Оңтүстік Кореядан келген делегациямен кездесу өтті. ҚР ҒЖБМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Жиында екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.


Кездесуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова қазіргі уақытта университет 170-тен астам шетелдік оқу орны, мәдени және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық байланыста екенін атап өтті. Бұл елдердің ішінде Корея Республикасы ерекше орын алады.

Университетте өткен кездесуде бюджет жөніндегі арнайы комиссияның төрағасы, Кореяның ұлттық қаһарманы, генерал Хон Бом До қоғамының төрағасы У Вон Сик Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті инженерлік мектебінің филиалын кезең-кезеңімен ашу жоспарланғанын айтты.

Бірінші кезеңде дайындық процесі жүргізіледі. Педагогикалық ұжымды, үш білім беру бағдарламасы бойынша студенттер контингентін (киберқауіпсіздік, информатика, жасанды интеллект), материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік материалды базаны қалыптастыру (2022 жылғы желтоқсан – 2023 жылғы қазан).

Екінші кезеңде бірлескен бағдарламалар тіркеліп, инженерлік мамандарды даярлау басталады (2023 жылдың қазаны – 2026 жылдың желтоқсаны).

Сондай-ақ, 1937 жылы КСРО аумағынан Қызылордаға жер аударылған Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне университетте мұражайдың ашылатыны туралы келісім жасалды. Генерал Хон Бом До 1943 жылы 25 қазанда 75 жасында Қызылордада қайтыс болды.

Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлесіп жұмыс жүргізу Қызылорда облысының және жалпы еліміздің экономикалық және цифрлық дамуына үлкен үлес қосады.

Кездесу барысында Кореядан келген делегация университет кітапханасындағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар» бөлімінің қорымен танысты. Корей тіліндегі сирек кітаптар мен қолжазбалар қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды.