Search

ҰБТ-да талапкерлерді екі камера бақылайды

Қазақстанда қаңтардағы Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр. Ол 26 қаңтарда басталды, 22 ақпанға дейін жалғасады.


Биыл ҰБТ-дағы басты жаңалық – екінші камера орнату. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің аппарат кеңесінде хабарланды.


Биыл тестілеу "бір компьютер – екі камера – бір тестіленуші" қағидаты бойынша жүргізіледі.


Министр Асхат Аймағамбетовтың хабарлауынша, алдыңғы камера тестіленушіні Face ID көмегімен сканерлейді.

"Биыл тестілеудің қауіпсіздігін, транспаренттілігін және әділдігін қамтамасыз ету үшін жаңа элементтер енгізіліп жатыр. Осындай жаңалықтардың бірі – қосымша камера орнату. Бұған дейін тестіленуші алдында бір камера болса, енді екінші камера орнатылады. Ол тестіленушінің жеке басын сәйкестендіріп, белгілі бір уақыт өткеннен кейін компьютер алдында кімнің отырғанын тексереді. Бұл компьютер алдында біраз уақыт өткеннен кейін де сол адамның отырғанына сенімді болу үшін қажет", – деп түсіндірді министр Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, компьютер тестілеуді бастау және оны аяқтау үшін адамның жүзін сканерлейді.