Search

"10 мың студент оқудан шығарылды": білім министрі себебін айтты

Асхат Аймағамбетов оқудан шығарылған студенттердің санын жариялады.

Министрдің айтуынша, былтыр білім беру сапасы төмен 15 жоғары оқу орнының жұмысы тоқтатылды. Бұдан бөлек, оқыту сапасы нашар 65 университеттің белгілі бір мамандық бойынша берілген 500-ден астам лицензиясы кері қайтарылды.

Ал кәсіби-техникалық білім беру саласында 30 колледждің жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ, тиісті деңгейде білім бермеген мамандықтар бойынша 2000 лицензия кері қайтарылған болатын.

"100 мыңнан астам студент басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылды. Сонымен қатар тексеру кезінде іс жүзінде оқытылмаған он мыңға жуық студент оқудан шығарылды, жоғары оқу орындарында олардың құжаттары да болмаған", - деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Министрліктің баспасөз қызметі осыған қатысты түсініктеме берді.

"Мұндай студенттер оқудың ақысын төлейді, бірақ сабаққа бармайды. Оқу орны оларды құжат жүзінде қабылдайды. Алайда олардың оқу мерзімі кезінде сынақ кітапшасы, студенттік билет және тағы басқа қажетті құжаттары болмаған. Министр осы құжаттар туралы жазды. Ол студенттер ең соңында келеді де, дайын дипломды ала салады", - дейді баспасөз қызметінің маманы.