top of page
Search

160-қа жуық дәрігер-хирург «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқып келді


«Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері заманауи хирургиялық оталар жасайды. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Жетекші шетелдік медициналық жоғары оқу орындары мен клиникаларда білім алған және тағылымдамадан өткен мамандар заманауи медициналық технологияларды қолдана отырып, аса күрделі жоғары технологиялық кардио- және нейрохирургиялық оталар жүргізеді. «Болашақ» түлектері-дәрігерлер еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде ауылдық жерлерде де еңбек етіп жүр.


«Болашақ» бағдарламасының түлегі Бауыржан Рақышев жаңа тәсілдерді қолдана отырып, жүрекке ашық түрде жоғары технологиялық ота жасайды. Кардиохирург Қазақстанда бұрын-соңды жасалмаған миниинвазивті және торакоскопиялық операция енгізді. Бауыржан ашық жүрекке күніне 3-4 ота жасайды.

«Мұндай хирургиялық араласу кезінде науқастың жүрегі біраз уақытқа тоқтатылып, «жасанды жүрек-өкпе» жасанды қанайналымдық құрылғысы қолданылады. Аталған ота жасағанда кешіктіруге болмайды. Әр секунд пен миллисекунд маңызды», - дейді «Болашақ» түлегі-хирург.

Хирург-дәрігер Марат Бердімұратов «Болашақ» бағдарламасы арқылы Оңтүстік Кореяда ғылыми тағылымдамадан өткеннен кейін Ақкөл аудандық ауруханасына оралды. Болашақтық алған білімін іс жүзінде қолдана отырып, лапароскопия әдісімен заманауи хирургиялық оталар жасайды.

«Оталарды жасаудың заманауи әдісінің бірқатар артықшылықтары бар: операциядан соң асқыну, ауырсыну белгілері аз болады, жарақаттану деңгейі төмен болады. Бүрын олар облыс орталықтарында жасалатын. Қазір біз аудандық ауруханамызда жылына 150-ден астам ота жүргіземіз, мен тәжірибеммен әріптестеріммен бөлісіп отырамын», - деп атап өтті Марат Бердімұратов.

«Болашақ» бағдарламасы арқылы денсаулық сақтау саласы үшін шетелде 850-ден астам маман даярланды, олардың басым бөлігі - тәжірибелік дәрігер. Жалпы алғанда, 30 жыл ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында 12 мыңнан астам отандық маман дайындалды. Халықаралық бағдарлама түлектері түрлі салаларда еңбек етіп, елдің дамуына өз үлестерін қосып келеді.



bottom of page