Search

KazRoboProject-2022

KazRoboProject-2022 ғылыми-техникалық жобалар байқауы Қазақстанның түкпір-түкпірінен 110-ға жуық оқушы, студент пен 50 педагогты біріктірді. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. KazRoboProject-2022 байқауына қатысушылар өмір сапасын арттыруға бағытталған 65 жоба ұсынды


Біріншілік 2016 жылдан бастап жыл сайын Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «ҚазРоботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізіліп келеді.


Байқау балалар мен жастардың жоғары технологиялар саласына деген қызығушылығын арттыруға, жастардың өзекті инженерлік-техникалық міндеттерді тәжірибелік тұрғыда шешу дағдыларын дамытуға бағытталған.

Биылғы байқаудың тақырыбы – «Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру».


Байқау аясында қатысушылар жобаны дайындап, қорғауы керек. Балаларға педагог – топ жетекшілері көмектесті. Қатысушылардың материалдары 2022 жылдың 5 қарашасына дейін қабылданды.

Командалар тіркелу кезінде жобаның инженерлік журналдарын және жобаның мазмұны туралы 2 минуттық бейнероликтерді ұсынды. 60 команда қорғауға жіберілді.


Байқауға қатысуға автоматтандыру және робототехника саласындағы жобаларын, оның ішінде тәжірибелік мақсатта немесе зерттеу үшін қатысушылардың өздері жасаған (әзірлеген) бағдарламалық қамтамасыз етуді ұсынатын командалар жіберілді.

Жобаны бағалауда техникалық сипаттамамен қатар, ел экономикасы үшін дамудың өзектілігі, іске асыру және нақты пайдалану жағы ескерілді.


Жоба команданың өзіндік шығармашылық жұмысы болуға тиіс және белгілі бір мәселені шешуі керек. Қатысушылар протездеу, көшені автоматтандыру, жылыжай салу, қоқыс жинау және т.б. салаларда әзірлемелерін ұсынды.

«Байқау онлайн түрде өткізіледі, бұл ауыл мектептерін де қамтуға мүмкіндік береді. Жүлдегерлер арасында ауылдың балалары бар екені бізді қуантады. Байқаудың қазылар алқасына дәстүрлі түрде әртүрлі кәсіби бағыттағы 10 сарапшы кірді. Биыл біз еліміздің үш жетекші жоғары оқу орындарының (Назарбаев Университеті, Астана IT университеті және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) сарапшыларын қатыстырдық.), сонымен қатар, өндірістік компаниялардың және техникалық консалтингтің сарапшылары да болды. Жыл сайын педагогтар мен балаларға арналған оқыту және кеңес беруге қатысты іс-шаралар өткіземіз. Бұл жобалардың сапасына оң әсер етеді. Байқауды ұзақ жыл бойы қолдағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қорына өте ризамыз», - деді «Қазроботикс» федерациясының президенті Айжан Жекеева.

Байқау жеңімпаздары:

«Концепт» номинациясында (10-15 жас) - I орын - Фазыл Таукен (Астана), II орын - Досқалиева Наргиза, Өтешева Гүлбахрам (БҚО), III орын - Бағым Дамир, Аманқос Құрман (Маңғыстау облысы). «Концепт» (16-21) – I – Төлегенов Әмір, Амангелдиев Даниал (Алматы), II – Ляшенко Владислав, Рыженков Антон (Петропавл), III – Мақсұт Әлихан, Мақсұт Ерасыл (Астана);

- «Прототип» номинациясында (10-15) - I - Шатова Полина, Тидина Виктория (Қостанай облысы), II - Грибенщиков Иван (ШҚО), III – Нұрман Нұрқамал, Бейімбетова Лунара (Талдықорған). «Прототип» (16-21) - I - Қырғызмолда Жансая (Алматы), II - Маханбет Ерсерік, Қадыров Әділжан (Астана), III - Трефилов Сергей, Цюпай Александр (Қостанай,).

Сонымен қатар, үздік қатысушылар үшін арнайы номинациялар да тағайындалды.