top of page
Search

Алматылық жас ғалым ауа тазалайтын сүзгі ойлап тапты


Алматылық жас ғалым Диас Тастанбеков ауа тазалайтын жаңа құрылғы ойлап тауыпты. Бұл сүзгінің басқалардан ерекшелігі бөлме ішіндегі ауаны тазартып ғана қоймай түрлі вирустардың таралуына жол бермейді екен.


Қаршадайынан ғылым-білімге жақын болған Диас Тастанбеков Британиядағы Шеффилд университетінің магистратурасын тәмамдаған соң әртүрлі ғылыми зерттеулер жүргізе бастайды. Алматының ауасын қалай тазартуға болады деген сауалға бірнеше жылдан бері жауап іздеп келген жас ғалым алдымен шағын бөлменің ауасын тазартатын сүзгіні ойлап табады. Бұл сүзгінің басты ерекшелігі жеті түрлі тазалау дәрежесі бар екен.


Диас Тастанбеков, жас ғалым:

- Қарапайым тілде айтсақ, осы белсенді фильтр, хеппа фильтр, катализатор, электростатика және тағы мынадай ірі фильтрді, бәрін бірге қосып ауаны тазалаймыз.


Бұл ауа тазартқыш құралды тек тұрғын үйде ғана емес, кеңседе және қоғамдық көліктерде пайдалануға болады. Құрамында белсенді көмір мен ультракүлгін толқындары болғандықтан жабық кешендегі кез келген вирустың таралуына жол бермейді дейді жас ғалым. Диас Тастанбеков болашақта қала мен даланың ауасын тазартатын үлкен жобаны жүзеге асырсам дейді.


Диас Тастанбеков, жас ғалым:

- Зерттеу орталығым болса, яғни инфрақұрылым болса, қаражатты ресурстар болса, ақылды адамдарды бір жерге жинасам онда бұдан күшті жобаларды жасауға болады. Бірақ тек ғана ғылыммен айналысып күн көру қиын, өкінішке орай.


Диастың бұл бастамасына досы Арман Тоқсанбаев қол ұшын беріпті. Мені Алматының ауасы алаңдатады. Арманым тұрғындар таза қалада тұрса деймін. Сол үшін ғылым жолында аянып қалмаймын дейді жас ғалым.


Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев



Ақпарат көзі: 24.kz


bottom of page