top of page
Search

Ауылдағы білім ошағы «Қазақстанның үздік 100 мектебінің» қатарына енді


Ауылдағы білім ошағы «Қазақстанның үздік 100 мектебінің» қатарына енді. Қызылорда облысындағы Әйтеке би кентінде орналасқан №249 мектеп-лицейінде 8 информатика кабинеті мен смарт орталығы жасақталды.


Жуырда ғана Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы наградасын иеленген Жәмила Әбжан бастаған ұстаздар қауымы заман талабына сай түрлі платформаларда шәкірттерімен кері байланысты жүйелі орната білген.


Электронды деректер қоры, көпфункциялы LED-экран, цифрлы мінбер, соңғы үлгідегі музыкалық аппарат орнатылған мұндай «smart-мектеп» облыс орталығында да жоқ. Қызылорда қаласынан 500 шақырым алыс орналасқан Әйтеке би кентіндегі білім ордасы бұл құрылғыларға ұстаздар еңбегі мен оқушылардың үлгерімі арқылы қол жеткізіп отыр. «Білім лэнд» платформасы бойынша өткен жылы да үздік атанған ауыл мектебіне 17 миллион теңгенің гранты тапсырылып, сол қаражатқа керек-жарақтың барлығы алынды. Енді лицей аудио-бейнежазба студиясын жасақтап жатыр.


Батырбек Тәңірбергенов, Е.Бозғұлов атындағы №249 орта мектеп-лицей директоры:

- Құрылғылары алынып тұр. Жаңа оқу жылында оқушылар мен ұстаздар игілігін көретін болады. Қазіргі онлайн оқыту жүйесіне байланысты біз соған бейімделіп, ол кабинетте түрлі сабаққа қатысты ұстаздар видео түсіре алады. Оқушылар жеткен жетісітктерін, басқа бейнероликпен қатысатын сайыстарына түсіріп, монтаждап, аудиожазба жүргізе алады.


Мектеп білім жүйріктерімен мақтанады. Қазақстан тарихы пәні бойынша облыстық олимпиаданың 2 дүркін жеңімпазы Салтанат Әбілғазиева республикалық білім сайысында 2-орын алып ұстаздарының мерейін өсірді. Ескі қалашықтардың архитектурасына ерекше қызығатын оқушы археологтармен бірге көне шаһарлар экспедициясына қатысуды армандайды.


Салтанат Әбілғазиева, республикалық олимпиада жүлдегері:

- Ежелгі оғыздардың астанасы Янгикент, қазіргі Жанкент деген қалашық бар. Сол жерді зерттеуге қатысқым келеді. 2 рет болып қайттым жарыстарға байланысты. Өз отанымды таныстырдым, сол кезде Жанкентпен мақтандым.


10-сыныпта оқитын Нұрай Нысанбай құқық негіздерін жетік меңгерген. Республикалық олимпиадада 3-орын алған дарынды оқушы келер жылы топ жаруды көздеп отыр.


Нұрай Нысанбай, республикалық олимпиада жүлдегері:

- Өзім негізі Агата Кристидің шығармаларын көп оқимын. Бұл детектив жанрына бағытталған. Мен осы құқық пәнін таңдай отырып адвокат, тергеуші маманы болғым келеді. Сол себепті олимпиадаға қатысып, өз бағымды сынадым. Өз жетістігімді жақсы деп бағалаймын, бірақ әлде де үлкен жетістіктерге жеткім келеді.


Мектептің және бір оқушысы «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған "21-ғасыр көшбасшысы" тележобасының жүлдегері атанып, қаржылай грант ұтып әкелді. Жалпы 1200 орындық нысанда оқитын 1796 оқушының әрқайсысы білім ұясының өркендеуіне үлес қосу жолында ізденіп жүреді. Сондықтан болар ауыл балалары қала мектептерінің оқушыларынан озып келеді.


Авторлар: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев


Ақпарат көзі: 24.kz



bottom of page