top of page
Search

«Балам-ай» орталығында балаларға дөрекілік таныту оқиғасына қатысты

Оқу-ағарту министрлігінде Астана қаласының «Балам-ай» орталығында балалармен дөрекі қарым-қатынас жасау туралы шағымдарға қатысты түсініктемелер берілді деп хабарлайды «Современное образование» журналы.

 

Ата-аналардың шағымы бойынша құрамында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің, Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департамент өкілдері, балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл бар мониторингтік топ «Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қайырымдылық қоры» орталығына барды.

Ата-аналар тәрбиешілердің балаларға дөрекілік танытуына шағымданды. Балалардың құқығын қорғау мақсатында мониторингтік топ зардап шеккен балалардың ата-аналарымен, орталық басшылығымен осындай фактілерге жол бермеу туралы әңгімелесті.


Қазіргі уақытта ата-аналар құқық қорғау органдарына арыз жазды, сотқа дейінгі тергеу басталды. Кінәлі тәрбиешілер балаларға дөрекілік көрсеткені үшін жұмыстан шығарылды.


Айта кетейік, «Балам-ай» орталығы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын жүзеге асыруда. Оқу-ағарту министрлігі уәкілетті ведомствоға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған орталықтарда тексеру жүргізу туралы ұсыныс хат жолдады.


Сонымен қатар, балаларға қатысты қатыгездіктің алдын алу мақсатында Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған барлық балабақшалар мен орталықтардың қызметіне мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр. Мониторинг Оқу-ағарту министрлігінің, Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттердің, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің және ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін болады.




bottom of page