top of page
Search

"Болашақ" бағдарламасына шетелдің 23 техникалық университеті қосылды

"Болашақ" халықаралық бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізімі кеңейтілді. Оған шетелдің 23 жетекші техникалық университеті енді, деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің ресми сайты.


Тізімге Эйндховен техникалық университеті (Нидерланд), Гамбург университеті (Германия), Лестер университеті (Ұлыбритания), Пхохан ғылым және технология университеті (Оңтүстік Корея), Дрезден техникалық университеті (Германи) және тағы басқа жоғары оқу орындары бар.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, қазіргі кезде техникалық мамандықтарға басымдық беріліп келеді. "Биыл гранттардың 60 проценті техникалық мамандықтарға бөлінеді. Осыған байланысты "Болашақ" бағдарламасы бойынша стипендиаттар білім алатын университеттердің тізімін кеңейттік. Бұрын тізімде 213 жоғары оқу орны ұсынылса, қазір олардың саны 236-ға жетті", - дейді Жанғозин.

Бүгінде шетелдік университеттердің саны ғана емес, географиясы да кеңейіп отыр. Былтыр бағдарламаға Аустрия, Чехия, Ирландия және Оңтүстік Африканың жоғары оқу орындары қосылды.

Тізімде топ-250 халықаралық академиялық QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education World University Rankings рейтингтеріне енетін ЖОО-лар және БРИКС елдерінің топ-20 ұлттық рейтингтеріне кіретін университеттер бар.



bottom of page