top of page
Search

Бюджет қаржысын жымқырған: Қостанайда мектеп директоры сотталды

Қостанай қаласының №122 орта мектебінің директоры бюджет қаржысын қалтасына басқаны үшін сотталды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.


Сот мектеп директорының 2019 жылдың қазан айынан 2021 жылдың қаңтар айына дейінгі аралықта қызметіне байланысты сеніп тапсырылған жалпы сомасы 1 955 300 теңге көлеміндегі бюджет қаражатын иемденгенін анықтады.


Айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Сот отырысында прокурор оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Үкiм шығару кезiнде сот айыпталушының жауапкершiлiгi мен жазасын жеңiлдететiн мән-жайларды, алғаш рет істі болып жатқанын, отбасылық жағдайын, оң мінездемесі мен денсаулық жағдайын ескерді.


"Сот айыпталушының мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы ауыр коррупциялық құқық бұзушылық жасағанынын мойындамайтынын және жасаған ісіне өкінбейтінін ескеріп оған ұрланған сомасының 10 еселенген мөлшерінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындады. Ол мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар мемлекет есебіне 19 553 000 теңге айыппұл төлейді", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.


Үкім заңды күшіне енген жоқ.


bottom of page