top of page
Search

«Білім-ғылым-индустрия-бизнес» интеграциясы

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның ғылыми-индустриалды орталығына айналдыру мәселесі талқыланды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.

С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінде мұнай-газ өнеркәсібі, академиялық қауымдастық пен бизнес, облыс әкімдігі арасындағы жүйелі байланысты нығайту жолындағы жұмысы жалғастырылуда. «Білім-ғылым-индустрия-бизнес» интеграциясы – С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің стратегиялық бағыт-бағдары.

Университетте «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және оған еншілес компаниялардың отырысы өтті. Еліміздің мұнай-газ индустриясының орталығында орналасқан техникалық жоғары оқу орны – Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның ғылыми-индустриалды орталығына айналдыру (R&D орталық) бүгінгі басқосудың басты тақырыбы болды.

Атырау мұнай және газ университеті базасында «ҚМГ» ҰК» АҚ-ның атаулы оқу, зертхана, білім беру алаңдарын ашу өте маңызды. Соның ішінде Мұнай-газ факультетінің ғимаратын жөндеу, қажет инфрақұрылымды қалыптастыру жұмысы да бар. Осы мақсатта Университет пен Акционерлік қоғам 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасын дайындайды.

R&D орталығы «ҚМГ» ҰК» АҚ-на мамандарды қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағытында өз қызметін ұсынады. Компания қызметкерлері университет профессорларынан ғана емес, АҚШ, Франция, Әзірбайжан, Румыния, Малайзия, Ресей елдерінің ғалымдарынан да білім алып, тренингтерге, шеберлік сағаттарына қатысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, R&D орталығы мен «КМГ Инжиниринг» ЖШС бірлесіп, зертхана кешенін іске асыру жоспарда бар.


bottom of page