top of page
Search

Жоғары білім берудегі ТМД-дағы алғашқы желілік кампус

Алматы қаласында ТМД елдерінде тұңғыш жүзеге асырылатын желілік кампус жобасының таныстырылымы өтті. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Бұл – Дулати университеті, «Қазфосфат» ЖШС және Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің бірлескен жобасы. Химия өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлауды көздейтін желілік кампус «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.


Ерекше форматта өткен жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов желілік кампустың басты басымдықтарын түсіндіріп өтті.

«Бұл жоба жастарға қандай мүмкіндіктер береді? Талапкер екі жыл Дулати университетінде химия және химия өндірісі саласындағы білікті профессор-оқытушылардан дәріс алады. 3-курста Менделеев университетінде оқуын жалғастырып, білімін шыңдайды. Соңғы 4-ші жылы Қазфосфат заводының базасында оқу мен тәжірибені ұштастырып дайындықтан өтеді. Осындай үшжақты дайындықтан өткен мамандар үшін жұмыс орындары дайын», - деді Мұхтар Қазбекұлы.

2023 жылы желілік кампус аясында «Бейорганикалық заттар технологиясы» атты алғашқы қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылады, негізгі бағыты — тыңайтқыштар өндіру. 2023 жылдың жазында бағдарламаға алғашқы қабылдау өтеді, сонымен қатар Қазақстанның басқа университеттерінен бағдарламаның бірінші курсына да, екінші және үшінші курсына да түсуге болады: бірінші курс студенттері үшін 175 орын, екінші және үшінші курстарға 150 орын қарастырылған.

Түлектер М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Менделеев университетінің қос дипломын алып шығады.


bottom of page