top of page
Search

Мұғалімдер үшін 33 олимпиада мен конкурс алғаш рет енгізілді - БҒМ


Биылдан бастап педагогтарға арналған 33 олимпиада мен конкурс алғаш рет енгізілді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігінің олимпиадалар тізбесін бекіту бойынша тиісті өзгерістер енгізілді.


Бұл өз кезегінде сапалық өзгерістерге қатысты. Осы жылға дейінгі олимпиадалардың тізбесінде 56 олимпиадалық іс-шара қарастырылған болса, бекітілген тізімде 175 іс-шараға дейін кеңейтілді.


«Сонымен қатар, тізбеге биылдан бастап педагогтарға арналған 33 олимпиада мен конкурс алғаш рет енгізілді. Олардың нәтижелері педагогтарды біліктілік беруге аттестаттау кезінде ескерілетін болады. Ашықтық, Академиялық адалдық, қатысушылар үшін тең жағдай жасау және әділ нәтижелер - жарыстарды өткізуді автоматтандыру есебінен қамтамасыз етіледі», - деді Ш. Каринова.


Оның айтуынша, егер осы іс-шараларды ұйымдастырушылардың Академиялық адалдық, заңдылық, ашықтық, объективтілік, тегін өткізу қағидаттарын бұзу фактілері анықталса, онда олимпиада немесе конкурс тізбеден алынып тасталатын болады. Дәл осындай қағидаттар мен критерийлер жаңа іс-шаралар тізбесіне енгізу үшін де ескерілетін болады. Осылайша, министрлік елімізде өткізілетін конкурстар мен олимпиадалардың сапасы мен тиімділігін арттыруға ниетті.


Бұдан бұрын хабарланғандай, Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыратын олимпиадалар оқушылар үшін ақысыз негізде болады.


Сонымен қатар қазіргі кезде қазіргі кезде қазақстандық білім беру нарығында жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдар да осы қызметтерді ақылы ұсынып келеді.


«Бірақ Білім және ғылым министрлігінің бұл ақылы жарыстарға ешқандай қатысы жоқ екенін атап өтемін. Сондықтан балалар мен мұғалімдер, мектептер әртүрлі олимпиадалар мен конкурстарға оқушылардың қатысуын таңдаған кезде мұқият болуына кеңес береміз», - деді Шолпан Каринова.



Автор: Руслан Ғаббасов



bottom of page