top of page
Search

Салалық ЖОО-ларда креативті индустриялар бойынша білім беру бағдарламалары қосылатын болады

Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism ҰК» АҚ Қазақстанда креативті индустрияны дамытуға арналған заңнамалық бағыттарды талқылады. ҚР МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Іс-шараға мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков, жергілікті атқарушы органдардың, «Kazakh Tourism ҰК» АҚ, заңгерлер, сарапшы-консультанттар және креативті индустрияның 50-ден астам өкілі қатысты.


Қоғамдық талқылаудың мақсаты - креативті индустрияны одан әрі дамытуға бағытталған заң жобасына ұсыныстар мен тұжырымдамалық жаңашылдықтарды дайындау.


Қазақстандағы креативті индустрияны заңнамалық реттеудің негізгі аспектілері жөніндегі кеңесте креативті индустрия субъектілерінің өкілдерімен белсенді талқылау өтті. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков пен «Kazakh Tourism ҰК» АҚ креативті туризм департаментінің директоры Ирина Харитонова сала өкілдерін 2022 жылғы 30 желтоқсанда «Мәдениет туралы» Заңда және креативті индустрия мәселелері жөніндегі Кәсіпкерлік кодексте қабылданған заңнамалық түзетулер туралы хабардар етті.


Ал құқықтық мәселелер жөніндегі сарапшы Талант Рамазанов Қазақстандағы креативті индустрияларды заңнамалық реттеудің негізгі аспектілеріне тоқталды.


Ашық талқылаудың бірқатар қатысушылары индустрия өкілдері жандандыруды ең алдымен өздерінен бастау керектігі, атап айтқанда саланы реттеу мен дамыту мәселелері бойынша белсенді ұстанымды қуаттайтын креативті индустрияның өзін-өзі реттеу тетігін енгізу қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді.


Талқылау қорытындысы бойынша заңнамалық сипаттағы мынадай түйінді ұсыныстар әзірленді:

  1. Креативті индустрияларға жататын қызмет түрлерінің (ЭҚЖЖ) тізбесін талқылау және пысықтау;

  2. Қазақстанның салалық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына креативті индустриялар бойынша білім беру бағдарламаларын енгізу;

  3. Креативті индустрия субъектілерінің мемлекеттік мүлік объектілеріне қол жетімділігі;

  4. Оның ішінде мемлекеттік ұйымнан жеке компанияға көшкен креативті индустрия қызметкерлерін әлеуметтік қорғау;

  5. Мемлекеттік қаражат есебінен өткізілетін іс-шаралар үшін стандарттар мен KPI енгізу;

  6. Салалық статистиканы жинау мақсатында креативті индустрия субъектілерін есептік тіркеуді енгізу.

Жалпы, «Мәдениет туралы» Заңда және Кәсіпкерлік кодексте креативті индустрияны заңнамалық бекітуді ілгерілету жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism ҰК» АҚ 2022 жылдың басынан бастап жүргізіп келе жатқанын атап өту қажет.


Айта кетейік, Мемлекет басшысы заңға қол қойды, оның аясында Қазақстанда «креативті индустрия» ұғымы ресми түрде бекітілді.


Естеріңізге сала кетейік, креативті индустрияны дамыту міндетін Президент 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген болатын.


Негізінен креативті индустрияны шығармашылық және зияткерлік қызмет шеңберінде қандай да бір тауарды немесе материалдық емес өнім мен қызметті құру мен сатудан табыс табатын барлық кәсіпкерлер қалыптастырады. Мысалы, шығармашылық саласына: дизайн, өнер, сән, кино, музыка, медиа, компьютерлік графика, білім беру, эспорт және басқа да зияткерлік қызметке негізделген көптеген сала жатады.


Мәдениет және спорт министрлігі креативті индустрияны дамытуға жауапты уәкілетті орган. 2023 жылдың бірінші тоқсанында креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерін креативті индустрия субъектілеріне топтау өлшемшарттарын бекіту жоспарланған.


Қабылданған түзетулер креативті индустрия субъектілеріне мемлекет тарапынан қаржылық және қаржылық емес қолдаудың әртүрлі нысандарын ұсынуға мүмкіндік береді.


Тұтастай алғанда, алдағы уақытта Қазақстан халқының зияткерлік әлеуетін жүйелі және ұзақ мерзімді дамыту мен іске асыруға арналған заңнамалық іргетас құрылады.



bottom of page