top of page
Search

Талапкерлердің дайындығы қалай – наурыздағы ҰБТ нәтижесі жарияланды

Наурыз айындағы тестілеуде талапкерлердің 70%-тен астамы шекті балды жинады. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 6%-ке артық, деп хабарлады білім және ғылым министрлігі.


Ал орташа балл шамамен 69 балды құрайды. 135 ұпай жинағандар да бар.

Жалпы, наурыздағы ұлттық бірыңғай тестілеуге 105 мыңға жуық адам қатысты. Биылғы түлектердің 78,2%-і қазақ тілінде тест тапсырса, 21,7%-і орыс, ал 0,2%-і ағылшын тілін таңдаған. 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.


ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 211 бала да қатысты. Биыл оларға алғаш рет тест тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы 40 қосымша минут берілді.


Оқушылар бейіндік пән ретінде "математика-физика" және "химия-биология" комбинациясын жиі таңдайды. Ал "химия-физика" комбинациясына сұраныс төмен.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, наурыздағы ҰБТ сұрақтарының форматы мен саны өзгеріссіз қалды. Бірақ үміткерлерге бірнеше қосымша қызмет ұсынылады. Соның ішінде тақырыптық талдау бар.

"Енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпай саны туралы ғана ақпарат алып қоймай, сонымен бірге қандай тақырыптарды білетіні, қайсысын толық білмейтіні туралы қосымша талдаулар алады. Бұл оқушыға жеке тақырыптарға көбірек уақыт бөлуге және қатемен жұмыс істеуге мүмкіндік береді", - дейді Емелбаев.

Бұдан бөлек, IT бағыттарына түсетіндер "математика-информатиканы" таңдай алады.

Биыл тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеттері азайған. Смартфон және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқан 99 үміткер тест тапсыру құқығынан айырылды. Ал тестілеу кезінде ереже бұзған 259 адам аудиториядан шығарылды. Олардың нәтижесі жойылды.



bottom of page