top of page
Search

Ғылым және жоғары білім министрлігі Гарвардпен келісімге келді

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-қа жұмыс сапарын Harvard University өкілдерімен кездесумен аяқтады. ҚР ҒЖБМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Іс-шара барысында Гарвард студенттерінің Қазақстанда тағылымдамадан өтуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.


АҚШ-тағы соңғы жұмыс күні министр Саясат Нұрбек Harvard Innovation Lab, The New England Commission of Higher Education, Davis Center fo Russia and Eurasia studies Harvard Kennedy School басшылығымен, Дуглас Диллон атындағы мемлекеттік басқару профессоры Грэм Аллисон және Гарвард Кеннеди мектебінің халықаралық қаржы және даму жөніндегі Sumitomo - FASID профессоры, Халықаралық даму орталығының директоры Азим Кхваджамен кездесу өткізді.


Іс-шара барысында ведомство басшысы Қазақстандағы жоғары білім мен ғылым жүйесі, министрлік алдында тұрған перспективалар мен басымдықтар туралы айтып берді. Сондай-ақ, ҚР жоғары білімін дамыту мақсатында жетекші әлемдік жоғары оқу орнымен серіктестік ұсынылды.


Өз кезегінде профессор Азим Кхваджа министрді өзі басқаратын орталықтың қызметімен таныстырды. Ол өзінің қызығушылығын атап өтіп, ынтымақтастықты Қазақстандағы Гарвард студенттерінің тағылымдамасынан бастауды ұсынды. Министр Саясат Нұрбек бұл бастаманы қолдады.


Сонымен қатар, тараптар жоғары оқу орындарының білім алушылары мен ғалымдармен алмасу бойынша мүмкін болатын жобаларды талқылады. Қазақстандық жоғары оқу орындары мен Гарвард университеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі талқылау үшін Саясат Нұрбек профессор Азим Кхваджаны Қазақстанға шақырды, шақыру оң қабылданды.


Ресми кездесулерден кейін министр Harvard University және MIT-де оқитын қазақстандықтармен кездесті. Студенттер шетелде оқудан алған әсерлерімен бөлісті. Өз кезегінде министр студенттерге жоғары білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып, жас зерттеушілер мен ғалымдарды қолдау бойынша мемлекет қолға алып отырған шараларды ерекше атап өтті.




bottom of page