top of page
Search

Қазақстандық жоғары оқу орындары мемлекеттік басқару саласының мамандарын Академиямен даярлайды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Адами ресурстарды басқару» бағыттары бойынша маман даярлайтын қазақстандық жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды. Шара барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Азамат Жолманов және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі.

«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ашық, әділ, қоғамның сұранысына сай қызмет көрсететін, заманауи талаптарға икемді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Бүгінгі Меморандум мемлекеттік қызметті басқаруды дамытуға, мемлекеттік қызмет саласын модернизациялауға, HR технологиялар мен құралдарлы кеңінен қолдануға негіз болатынына сенімдімін», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Азамат Жолманов.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шараның ашулы салтанатында сөйлеген сөзінде елімізде мемлекеттік басқару саласы, HR қызметі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуі керек екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда елімізде 30-дан астам жоғары оқу орны мемлекеттік басқару саласы бойынша маман даярлайды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесе отырып, білім бағдарламасын жаңартуымыз қажет. Мемлекетік басқару жүйесін қайтадан зерттеуіміз керек. Себебі, цифрлық күш көп нәрсені өзгертіп жатыр. Ал мемлекеттік қызмет жаһандық өзгерістерге дайын болуы керек. Бірлескен жұмыстың аясында магистранттар мен докторанттар мемлекеттік қызмет жүйесі, HR қызметі бойынша қолданбалы зерттеулермен айналысатын болады», – деді министр.

Алдағы уақытта меморандум аясында ортақ зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеу және қолданысқа енгізу, мемлекеттік басқару және HR саласы бойынша сарапшылар пулын құру жоспарланған.

«Бүгін жоғары оқу орындарының ректорларымен және өкілдерімен кездесіп, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру процесін кадрлық және эксперттік қамтамасыз ету бойынша маңызды мәселелерді талқыладық. Университеттердің әлеуетін біріктіру және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарын іске асыруға септігін тигізед», – деді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

Құжатқа қол қою рәсімінен кейін тараптар Меморандум аясында жүзеге асырылатын іс-шаралар бойынша дайындалған Жол картасын талқылады. Енді жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары мемлекеттік органдарда практикадан және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.




bottom of page