top of page
Search

Әлихан Смайылов Алматыдағы мектеп автобустарын шығаратын өндіріс орнын аралады

Алматыға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өндіріс нысандарының жұмысымен және құрылысымен танысып, шағын өнеркәсіп парктері мен қаладағы индустриялық аймақ резиденттерімен кездесу өткізді. ҚР Премьер-Министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Атап айтқанда, Үкімет басшысы жолаушылар, жүк және мамандандырылған техника шығаратын Hyundai Trans Almaty зауытына барды. Кәсіпорын 2011 жылы «Hyundai Motor Company» компаниясымен (Оңтүстік Корея) ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске қосылды.


Қазіргі уақытта Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің тапсырысы бойынша Hyundai Trans Almaty зауытында Golden Dragon маркасының мектеп автобустары және Hyundai (H350) шағын автобусы базасында жедел жәрдем көліктері құрастырылып жатыр.

Атап айтқанда, «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы аясында Алматы әкімдігі мектепке оқушыларды тасымалдау үшін 100 жаңа техника сатып алуды жоспарлап отыр. Барлығы 29 мектепте білім алатын 7,7 мың оқушыға жағдай жасау көзделген. Аталған автобустар заманауи қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған.


Бүгінгі таңда әрбір мектеп бойынша егжей-тегжейлі маршруттар белгіленіп, сонымен қатар балаларды отырғызу және түсіру үшін көліктің келу уақыты көрсетілетін арнайы аялдамалар дайындалуда.


Премьер-Министр білім беру сапасын арттырудың басты факторларының бірі әрбір оқушының қажеттіліктеріне бағдарланған және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жайлы мектеп ортасы екенін атап өтті. Сондықтан «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы – осындай ірі мегаполистегі мәселенің дұрыс және уақытылы шешімі.


bottom of page