top of page
Search

Әуе қорғанысы күштерінің оқу орталығында сарбаздарды жұмысшы мамандығына оқытуда

2022 жылғы күзде шақырылған мерзімді қызметтің 300-ге жуық сарбазы Әуе қорғанысы күштерінің Жетігендегі оқу орталығында дайындықтан өтіп жатыр. ҚР ҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес олардың көпшілігі экономиканың нақты секторында сұранысқа ие мамандықтарды игеріп жүр.


Сарбаздардың әскери ант бергеннен кейін оқып жатқан мамандықтары қызметтен кейін де кәдеге жарауы әбден мүмкін.

Бүгінде біздің әскери қызметшілер армияда ғана емес, азаматтық өмірде де қажетті мамандықтарды игеруде. Мысалы, олар дизельші, көп осьті автомобильдердің жүргізушісі, шынжыр табанды тартқыштардың механик-жүргізушісі, радиотехникалық жүйелердің, аэродром және жанармай құю жабдықтарының маманы сияқты кәсіптерді игеріп шығады. Қазірдің өзінде қызметін өткеріп кеткендердің біразы бізден алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып үлгерген, – деп атап өтті Оқу орталығының бастығы полковник Алтынбек Кенжебаев.

Сарбаздар жарты жылдық оқуларын аяқтағаннан кейін қызметін одан әрі жалғастыру үшін әскери бөлімдерге жіберіледі. Ол жерде тағы алты ай алған білімдері мен дағдыларын практика түрінде қолданып, күн сайын кәсіби шеберліктерін жетілдіреді.

Әскердегі оқудың «азаматтық» өмірдегі оқудан айтарлықтай ерекшелігі бар. Бұл жерде оқу қарқынды ұйымдастырылған. Сонымен бірге техникада көптеген практикалық сабақтар өтеміз. Бұл біздің жақсы маман болып қалыптасуымызға таптырмас тәжірибе, – дейді қатардағы жауынгер Рустам Аққалақов.

Оқуды аяқтаған соң әскери қызметшілерге тиісті мамандық алғаны туралы сертификаттар табыс етіледі.



bottom of page